Аңдатпа
Мақалада Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның әртүрлі тау жоталарында таралған ағаш-бұта өсімдіктерінің жапырақтары мен жемістерінен алынған фосфатты-буферлік экстракттардың сапалық ерекшеліктері зерттелді. Зерттеу нысандары ретінде Rosa acicularis, Rosa albertii, Rosa tarbagataica, Prunus armeniaca және Prunus bucharica түрлерінің үлгілері пайдаланылды. Экстракция рН 7,0 деңгейіндегі 50 мМ фосфатты-буферлік ерітінді көмегімен жүргізілді. Алынған экстракттардың түсі, лайлану дәрежесі, тұнба түзілуі және тұрақтылығы бағаланды.
Зерттеу нәтижелері өсімдік түрлері мен зерттелген мүшелер арасында айқын сапалық айырмашылықтардың бар екенін көрсетті. Жапырақтардан алынған экстракттар негізінен қою жасыл немесе қоңыр-жасыл түсті болып, лайлану деңгейінің жоғары болуымен сипатталды. Ал жемістерден алынған экстракттар сарғыш немесе ашық қоңыр түсті болып, салыстырмалы түрде мөлдірлігі жоғары болды. Rosa туысына жататын үлгілерде лайлану мен тұнба түзілу деңгейі жоғары байқалса, Prunus туысының жеміс экстракттары салыстырмалы тұрақтылығымен және төмен лайлануымен ерекшеленді.
Алынған нәтижелер фосфатты-буферлік жүйенің өсімдік ұлпаларынан экстракттар алуға жарамды орта екенін және әртүрлі өсімдік түрлерінің экстракттарының сапалық ерекшеліктерін салыстырмалы бағалауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Зерттеу нәтижелері кейінгі биохимиялық талдауларды жоспарлау үшін бастапқы деректер ретінде пайдаланылуына мүмкіндік береді.