Аңдатпа

Мақалада Beta vulgaris L. өсімдігінің жапырағы мен тамыржемісінің морфо-анатомиялық ерекшеліктері анықталып, олардың физиологиялық белсенділік пен стресс факторларға төзімділікпен байланысы талданды. Зерттеу нысаны ретінде толық жетілген жапырақтар мен тамыржеміс үлгілері алынды. Материал Страсбургер-Флемминг әдісімен (спирт:глицерин:су = 1:1:1) фиксацияланып, кесінділер қолмен және тоңазытқыш микротомда 10–15 мкм қалыңдықта дайындалды. Микроқұрылымдық бақылаулар жарық микроскопында жүргізіліп, сызықтық өлшеулер окулярлы микрометр арқылы орындалды, нәтижелер статистикалық өңдеуден өткізілді.

Жапырақ ұлпаларының айқын дифференциациясы байқалды: жоғарғы эпидермис қалыңдығы 16,3±0,4 мкм, төменгі эпидермис 14,2±0,7 мкм; бағаналы мезофилл 26,1±0,8 мкм, борпылдақ мезофилл 38,9±1,17 мкм болды. Мезофиллде қою түсті жасушаішілік қосындылары бар идиобласттар және су сақтауға бейімделген қуыстардың түзілуі тіркелді, бұл қорғаныш және су режимін тұрақтандыру қызметімен байланыстырылады. Өткізгіш шоқтар ірі және айқын, жапырақ пластинкасы бойынша тиімді зат алмасуға жағдай жасайды.

Тамыржемісте перидерма жақсы дамыған, алғашқы қабық 4-5 қатарлы; паренхимада қор заттарының жиналуы байқалды (қалыңдығы 11,5±1,6 мкм). Орталық бөлікте диархты алғашқы ксилема және екінші реттік өзгерістер анықталды: өткізгіш шоқ диаметрі 187,4±2,4 мкм, ксилема түтіктері 8,4±0,1 мкм, флоэма элементтері 3,1±0,5 мкм. Қорытындылай келе, идиобласттардың болуы, су сақтайтын паренхиманың дамуы және өткізгіш жүйенің ірілігі Beta vulgaris L. өсімдігінің жоғары бейімделгіштік әлеуетін қамтамасыз ететін анатомиялық негіз ретінде қарастырылады.

PDF