Аңдатпа
Бұл мақалада «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бес филиалында – Зеренді, Арықбалық, Шалқар, Айыртау және Орманды бұлақ аумақтарында жүргізілген дендрохронологиялық зерттеулердің нәтижелері ұсынылған. Зерттеу кәдімгі қарағай (Pinus sylvestris L.) және сібір балқарағайы (Larix sibirica Ledeb.) ағаштарының жылдық сақина үлгілерін талдауға негізделді. Зерттеу барысында жергілікті хронологиялардың негізгі статистикалық сипаттамалары анықталды, оның ішінде хронология кезеңі (1813-2025 жж.), орташа радиалдық өсім, стандартты ауытқу, орташа сезімталдық (MS), серияаралық корреляция (RBAR), синхрондылық (GLK) және популяциялық сигналдың айқындылығы (EPS) көрсеткіштері қарастырылды. Нәтижелер Зеренді учаскесінде радиалдық өсімнің ең жоғары көрсеткіштері (1,42 шартты бірлік), сондай-ақ сезімталдықтың (MS=0,38) және серияаралық корреляцияның (RBAR=0,68) ең жоғары мәндері байқалғанын көрсетті, бұл аталған учаскедегі ағаштардың климаттық факторларға айқынырақ жауап беретінін дәлелдейді. Зерттелген барлық хронологиялар жоғары сенімділікпен сипатталады (EPS>0,85), бұл олардың климаттық реконструкциялар жүргізуге жарамдылығын растайды. Алынған деректер Солтүстік Қазақстанның орманды-дала аймағындағы қылқанжапырақты ағаш түрлерінің радиалдық өсіміне климаттық факторлардың әсерін одан әрі зерттеуге негіз болады.