2020-2024 жж. Жайсан көлінің негізгі гидрохимиялық сипаттамасы
DOI:
https://doi.org/10.62687/NSJ.1.1.2025.3Кілт сөздер:
гидрохимия, Жайсан көлі, еріген газдар, биогенді қосылыстар, органикалық заттар, судың минералдануы.Аңдатпа
Осы мақала Шығыс Қазақстан облысындағы ең ірі әрі маңызды су айдындарының бірі – Жайсан көлінің гидрохимиялық сипаттамаларына кешенді талдау жүргізуге арналған. Мақалада 2024 жылдың көктемгі және күзгі маусымдарында жүргізілген далалық зерттеу нәтижелері ұсынылып, олар 2020–2023 жылдардағы мәліметтермен салыстырмалы түрде талданды. Ерекше назар еріген газдардың, биогенді қосындылардың, органикалық заттардың және судың минералдану деңгейінің динамикасын зерттеуге аударылды. Су сынамалары Тарбағатай және Күршім жағалауларындағы бекеттерде алынып, стандартты гидрохимиялық әдістерді қолдана отырып зертханалық жағдайда талданды. Сонымен қатар, алынған көрсеткіштерге маусымдық (қысқа мерзімді) және көпжылдық (ұзақ мерзімді) өзгерістерді анықтау мақсатында салыстырмалы талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша, Жайсан көлінің гидрохимиялық режимі тұрақтылығымен сипатталады және балық шаруашылығы су айдындары үшін белгіленген нормативтерге сәйкес келеді. Еріген оттегінің концентрациясы жоғарылауы, минералдану деңгейінің алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендегені және биогенді заттар мөлшерінің біршама ауытқуы тіркелді. Су ортасының реакциясы сәл сілтілі, органикалық заттардың мөлшері төмен деңгейде. Иондық құрылымы бойынша көл гидрокарбонатты санатына, кальций тобына жататыны анықталды. Алынған мәліметтер гидробионттар тіршілігіне қолайлы жағдай жасалғанын және кешенді мониторингті жалғастыру қажеттілігін көрсетеді.