Аңдатпа

Cenolophium denudatum (Hornem.) Tutin — Apiaceae тұқымдасына жататын, негізінен ылғалды шалғындық және жайылмалық мекен ету орталарында таралған көпжылдық шөптесін өсімдік. Қазақстан аумағында түр ареалының шеткі бөліктерінде кездесетіндіктен, оның популяциялық құрылымын зерттеу табиғи популяциялардың тұрақтылығын бағалау және оларды сақтау шараларын әзірлеу үшін маңызды. Зерттеудің мақсаты — Орталық Қазақстан жағдайындағы C. denudatum түрінің популяциялық-экологиялық ерекшеліктерін анықтау және мекен ету ортасының ылғалдану деңгейі, ценопопуляциялардың кеңістіктік және онтогенетикалық құрылымы мен репродуктивтік көрсеткіштер арасындағы байланысты бағалау. Далалық зерттеулер 2023–2025 жылдары Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жүргізілді. Популяциялық көрсеткіштер 10×10 м тұрақты алаңдарда, олардың ішінде орналасқан 1×1 м есептік квадраттар арқылы анықталды. Барлығы 245 дарақ зерттелді. Өсімдіктердің кеңістікте негізінен топтанып орналасатыны анықталды. Ең жоғары тығыздық ылғалды биотоптарда байқалып, 1,4–1,6 дарақ/м² құрады, ал шалғынды-далалық жағдайларда 0,6–0,8 дарақ/м² дейін төмендеді. Тығыздықтың вариация коэффициенті 28–35 % аралығында болды. Жайылмалық мекендерде прегенеративті дарақтардың үлесі 52 %-ға дейін жетіп, жастық тұрақтылық индексі 1,21 құрады. Ылғал мөлшері төмендеген сайын бұл көрсеткіш құрғақ шалғында 0,94-ке, шалғынды далада 0,73-ке дейін төмендеді. Генеративті өсімдіктердің орташа биіктігі 110–125 см, шатыршалар саны 6–8, тұқымдық өнімділігі бір өсімдікке 210–260 жеміс, репродуктивтік коэффициенті 0,38–0,50 болды. Нәтижелер C. denudatum ценопопуляцияларының тұрақтылығын анықтайтын негізгі экологиялық факторлардың бірі гидрологиялық режим екенін көрсетті.

PDF

Әдебиеттер тізімі