2020-2024 жылдардағы Өскемен су қоймасының гидрологиялық және гидрохимиялық көрсеткіштерінің динамикасы
DOI:
https://doi.org/10.62687/NSJ.1.1.2025.7Кілт сөздер:
Өскемен су қоймасы, гидрологиялық режим, гидрохимиялық көрсеткіштер, су сапасы, биогендік заттар, минералдануАңдатпа
Бұл мақалада соңғы бес жылдағы Өскемен су қоймасының гидрохимиялық және гидрологиялық режимін зерттеу нәтижелері келтірілген. Зерттеудің мақсаты – 2020-2024 жылдар аралығында Өскемен су қоймасының гидрологиялық және гидрохимиялық көрсеткіштерінің динамикасын бағалау, су сапасының өзгеру үрдістері мен гидробионттардың тіршілік ету жағдайларын айқындау болды. Зерттеу жұмыстары су деңгейі режимі бойынша жүйелі бақылаулар мен су қоймасының жоғарғы, орта және төменгі бөліктерінен көктемгі-жазғы кезеңде іріктелген су үлгілерінің зертханалық талдаулары негізінде жүргізілді.
Жұмыс барысында стандартты гидрохимиялық талдау әдістерін қолдана отырып, физикалық-химиялық көрсеткіштер (pH, еріген оттегі, СО₂, органикалық заттар, биогендік заттар, минералдану) анықталды.
Зерттеу нәтижелері бойынша бес жылдық кезең ішінде судың орташа жылдық деңгейі шамалы ғана өзгергені анықталды, бұл су қоймасының гидрологиялық режимінің тұрақтылығын көрсетеді. Барлық көрсеткіштер балық шаруашылығы су айдындарына арналған нормативтерге сәйкес келеді. Оттегі мөлшерінің аздап артуы мен биогендік қосылыстардың тұрақтануы үрдісі байқалды.
Осылайша, Өскемен су қоймасының гидрологиялық және гидрохимиялық режимдері тұрақты болды және гидробионттардың көбеюі мен тіршілігі үшін қолайлы жағдай болды, бұл оның балық шаруашылықтық маңызы бар су айдыны ретіндегі маңыздылығын растайды.