Рецензиялау үдерісі

Журнал редакциясына келіп түскен және формальды талаптарға, рәсімдеу талаптарына, сондай-ақ плагиатқа тексеру жүйесі арқылы тексеру негізінде түпнұсқалық көрсеткішіне сәйкес келетін қолжазбалар міндетті түрде әрі қарай рецензиялауға жіберіледі.

Егер қолжазба автор(лар)ында басқа ғалым(дар)мен мүдделер қақтығысы болса, онда олар мұндай мүдделер қақтығысының бар екенін ілеспе хатта міндетті түрде көрсетуге тиіс. Бұл аталған қолжазбаны көрсетілген ғалымға (рецензентке) жібермеу және қолжазбаны бағалаудағы объективсіз пікірлердің алдын алу мақсатында қажет.

Редакция мақала қолжазбаларын рецензиялаудың келесі жүйесін қолданады:

1-деңгей – журналдың талаптарына, бейініне және тақырыптық бөлімдеріне сәйкестігіне техникалық тексеру. Бұл кезеңде мақалалардың қате немесе толық емес рәсімделуі анықталуы мүмкін, мұндай жағдайда қолжазбаны пысықтау қажет болады, бұл туралы авторға / авторларға хабарланады;

2-деңгей – қолжазба мәтінін «StrikePlagiarism» жүйесі арқылы алынған мәтіннің бар-жоғына тексеру. Қолжазбаны қабылдау үшін мәтіннің түпнұсқалығы кемінде 75% болуы тиіс;

3-деңгей – қолжазбаларды «екіжақты соқыр» рецензиялау (double-blind), оны рецензияланатын қолжазба тақырыбы бойынша ғылыми мамандануы бар, ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD) ғылыми дәрежелерінің біріне ие кемінде екі ғалым жүзеге асырады. Рецензиялау құпия түрде жүргізіледі: мақала қолжазбасы авторлар туралы мәліметтер көрсетілместен журналдың электрондық платформасы арқылы рецензенттерге жіберіледі. Рецензенттерден қолжазбаның негізгі ғылыми критерийлерге сәйкестігіне, сондай-ақ оның сапасы мен маңыздылығына нақты, объективті және дәлелді баға беру талап етіледі. Рецензенттердің әрқайсысы өз тәуелсіз шешімін шығарады.

Рецензиялау мерзімі мақала қолжазбасы алынған күннен бастап 10 күнді құрайды.

Рецензенттердің қорытындылары алынғаннан кейін жауапты редактор оларды рецензенттердің деректерін көрсетпей, ескертулерге жауап беру, тиісті өзгерістер енгізу және қолжазбаны электрондық платформа арқылы қайта жолдау үшін хат-хабар алмасуға жауапты авторға жібереді. Автор(лар) ескертулерге жауап беруден, қолжазбаға өзгерістер енгізуден және оны журнал редакциясына қайта жолдаудан түсіндірмесіз бас тартуға құқылы.

Барлық ескертулерге жауап беріліп, рецензенттердің ескертулерін жою үшін қолжазбаға өзгерістер енгізіліп, ол журнал редакциясына қайта жіберілгеннен кейін ғылыми редактор барлық материалдарды қайта рецензиялау үшін рецензент(тер)ге жолдайды.

Екі рецензент пен жауапты редактордың оң қорытындылары бар қолжазба жариялауға қабылдану кезектілігіне сәйкес журналда жариялауға ұсынылады. Редакциялық алқа мақұлдаған қолжазбалар журнал нөмірін қалыптастыру үшін жауапты хатшыға беріледі.

Егер рецензенттердің біреуі қолжазба бойынша оң қорытынды, ал екіншісі теріс қорытынды ұсынса, онда қолжазба ғылыми редактор тарапынан қолжазба тақырыбы бойынша маман болып табылатын үшінші рецензентке немесе редакциялық алқа мүшесіне жіберіледі. Үшінші рецензент немесе редакциялық алқа мүшесі оң қорытынды ұсынған жағдайда, қолжазбаны жариялауға қабылдау немесе қабылдамау жөніндегі түпкілікті шешімді журналдың ғылыми редакторы қабылдайды.

Екі теріс рецензия болған жағдайда, қолжазба журналда жариялаудан қабылданбайды.

Рецензиялау нәтижелері бойынша редакциялық алқа қабылдамаған мақала материалдары редакциялық алқа тарапынан өз мақсаттарында пайдаланылмайды. Редактор немесе жауапты хатшы хат-хабар алмасуға жауапты авторға жариялаудан бас тарту туралы хабарлап, рецензенттердің қорытындыларын жібереді.

Қолжазбаларға берілген рецензиялар журналдың электрондық платформасында үш жыл бойы электрондық форматта сақталады.